Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР
Сұрақтар мен жауаптар
Сұрақ қою

Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық» өлеңінің мазмұны

Дина
Жауап қалдырылды 04 Сәу, 19

Жамбыл Жабаевтың "Зілді бұйрық" өлеңі 1916 жылғы тарихи оқиғаның негізінде шығарылған. Қазақ халқының ұлы перзенті, жыр алыбы Жамбыл атамыз бұл өлеңінде Николай ІІ патшаның 1916 жылы 25 маусымдағы “Реквизициялау туралы” жарлығы тікелей себеп болған тарихи оқиғаны қалтқысыз жеткізеді. Жамбыл бұл тарихи оқиғаның саналы күәгері болғандықтан, қойдай шулаған халықтың сол кездегі аянышты жай-күйін жеткізіп, шындықты баяндайды. Патшаның қазақ даласындағы 31 мен 19 жастағы ер азаматтарды тыл жұмысына тарту туралы жарлығы қарапайым халыққа төбелеріне жай түскендей әсер етті. Верныйдан келген бұйрықтың зілді болғаны сонша, халық суық хабарды естігелі күндіз ұйқыдан, түнде күлкіден айырылып, еңіреп, жылаумен болды. Сонда кемпір, шалдар қырсаң да баламызды бермейміз деп, приставқа қарсы шығады. Ер азаматтар да патша жарлығына көнбейтіндерін айтқанда, пристав қарсы шыққандарды есінде сақтап, қағазға жазып алады да, оларды күшпен алып кету үшін қазақ даласына солдаттарын жібереді. Ол күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз, ораза кезі болатын. Ал бастарына күн туған қара халық Қарғалы өзенінің бойын паналап, оразасын судың жағасында ашуға мәжбүр болады. Бірақ, басшылары тағат алмаған соң, өзен бойына жиылған жұрт дағдарып, жанталаса бастады. Мұндайға дайын болмаған халық, ол кезде қалай әрекет ету керектігін де білмеді. Дегенмен, көп ұзамай қайнап тұрған сарша тамыздың ыстығында өзен бойына жиналған жігіттерді патша әскері алдарына салып айдап әкетеді. Осылайша, майдан жұмысына бармаймыз деп қарсы шыққан қазақ, қызғыз азаматтары соры қайнап, абақтыға қамалады. Патшаның сұсты әскері қамалғандарды тірідей әбден қинайды. Ал ол кезде сырттағы ел не болғанын білмей, енді қайтеміз, деп жандарын шүберекке түйіп отырды. Сонда губернатор «жайлауда ту көтеріп шапқан кім?» - деп сұрағанда, ешқайсысы айтпаған соң, жандаралдың өзі тұрып, көтерілісті «Бекболаттың» бастағанын айтады. Содан кейін биліктегілер ұлт-азаттық көтеріліс ұйымдастырғаны үшін оны дарға асу туралы бұйрық шығарады. Артынан, ол тізімге Қалиқұл, Байбосын есімді ел батырлары қоса кетеді. Бұйрық орындаушылар болса, «үндеріңді шығармаңдар, өңкей надандар, мұнан былай сөйлемей, ауызды жабыңдар» деп абақтыға қамалғандарды арбаға сап, дарға асуға әкетеді. Ал қамаудағы тұтқындарды босатып алмақшы болғандар таяқ астында қалды. Сонда патша әскері Жәнібек есімді қажының мешітін қамап алғанда, ол жанына араша тұрып, құтылудың амалын табады. Сөйтіп, Жәнібек ертеңінде құтылып, Ұзынағашқа паңданып кетіп бара жатқанда оны жолда Ботпай руының жігіттері өлтіреді. Бірақ, күш жинамай, қарусыз ұрысқа шыққан бозбалалар ұлыққа түк қыла алмастан көз жұмады. Сондай-ақ, Шиенде де әскерлермен ұрыс болып, сол ұрыста топ басшысы Саттар өледі. Ал Саттар өлді, ел қашты деген хабар ел-елдерге жайылған соң, халық тауға қарай шұбырып бас сауғалайды. Тауға шығып өрмелеп, тау-тасқа тығылған елдің бәрі жанынан түңіле бастады. Алайда, патша әскері өз дегенін жасамай қоймайды. Олар ертеңінде ел-елге барып, «таудан шапшаң түсіп, келетін болсын» деп хабар салады. Ал, қашқандарды ату жазасына кеседі деген хабарды естіген таудағылар кірер жер таба алмаса да, соңына дейін берілмеуді жөн көреді. Сөйтіп, олар елді борсықтай сорған болысы мен ұлықтың қонысына аттанады. Алайда, азаттықты аңсап, жауға аттанған көптеген қазақ ерлері осылайша еркіндіктің жолында қаза табады.

Қазір оқып жатыр