Сұрақтар мен жауаптар
Сұрақ қою

Ыбырай Алтынсаринның балаларға арналған әңгімелерін білесіздер ме?

Мадияр
Жауап қалдырылды 22 Қар, 16

Алтын шеттеуік

Бір үлкен мейрам алдында, әкесі балаларын қуанту үшін үйіне әртүрлі жеміс алып келді. Леночка деген кіші қызы сол келтірген көп жемістің ішінде, сырты алтындаған шеттеуіктерге қызығып, соны маған бер деп қоймады. Шешесі айтты:
- Бұл шеттеуіктер тек әдемілікке істелген, мыналарды ал,- деп, бөтендерін беріп еді, Леночка жылай бастады:
- Мен қара шеттеуікті алмаймын, алтын тыстысын аламын, оның ішіндегі дәні де тәтті шығар- деп. Шешесі тіл алмайтын қисық баланың дегенін істегеннен артығы жоқ екенін ойлап, Леночкаға алтын тыстыларын, бөтен балаларына бөтен шеттеуіктерді таратып берді. Леночка қуанып шеттеуікгерін дереу шаға бастады, қараса, бірінің де ішінде дәні жоқ, бос қабықтар екен. Мұны көріп қасындағы балалар мазақтап күле бастады. Сондаатасы айтты:
- Бұл шеттеуіктер жеу үшін істелген емес, тек көзге әдемі көріну үшін қойылған; мен шеттеуіктердің бос қабығын алып, сыртын күміспен бояп қана қойып едім, екінші рет не нәрсенің де құр сыртына қарап қызықпа, асылы ішінде болар,- деді.

Гүлім
Жауап қалдырылды 22 Қар, 16

Жаман жолдас

Екі дос кісі жолдастасып келе жатып, бір аюға ұшырапты. Бұл екі кісінің біреуі әлсіз, ауру екен, екіншісі мықты, жас жігіт, аюды көрген соң бұл жігіт, ауру жолдасын тастап, өзі бір үлкен ағаштың басына шығып кетті дейді. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кісі болды да жатты: есітуі бар еді, аю өлген кісіге тимейді деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да, дыбысы білінбеген соң тастап жөніне кетті. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсіп, аурудан сұрапты:
- Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кетті?
Ауру айтты дейді:
- Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма деді,- дейді.

Елназ
Жауап қалдырылды 22 Қар, 16
Тәкәпәршілік
Вениямин Франклин деген даңқты білім иесі, Америка жұртының кісісі, он сегіздегі жас күнінде, Медера деген қаланың бір қарт адамына қонақ болып, шығар уақытта қарт ішкергі бір есіктен шығарып салуға алып келіпті. Франклин бұл кісіге сөйлесе келе жатып, алдында не барын аңғармай, есікке жақындағанда қарт дауыстапты:
- Еңкей, енкей - деп.
Сүйдегенше болмай, есік аласа екен, маңдайшасына Франклин маңдайымен тарс ете түсіпті. Сонда қарт күліп айтты дейді:
- Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар; ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдыңда, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнанда артық неше соққылардан құтыларсың. Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтушы еді:
- Сол қарттың ақылы маған көп пайда болды; және көзіммен көрдім: басын жоғары көтерген тәжәппәрлердің нешеуінін, әлек болғанын - деп.
Қарлығаш
Жауап қалдырылды 22 Қар, 16

Бақша ағаштары

Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
- Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? - деп сұрады баласы.
- Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса өсіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,- деді атасы.
- Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой,-деді баласы.
- Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің,- деді.

Дарын
Жауап қалдырылды 22 Қар, 16

Қанағат

Әзірет Әлиден бір жұт келіп сұрады дейді:
- Толық байлық қайтсең табылады?
Әли айтты:
- Қанағат ете білсең. Қанша мал көп те болса қанағаты жоқ кісі байлыққа жеттім деп тоймайды; қанша мал аз да болса барына қанағат ете білсе, бұл адамның көңілі жайлы, тынышырақ болады; - соның үшін Әзірет Әлі,- байлық - қанағатта,- деді.

Қазір оқып жатыр