Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР
Сұрақтар мен жауаптар
Сұрақ қою

"Халқым менің - қонақжай" тақырыбында эссе бар ма?

Талқылау
Пікір
Admin
22 Қазан, 19

Әр халықтың өзіне тән қасиеттері болады. Олар жалпы халыққа тән болғандықтан, ұлттық сипатқа ие. Мәселен, немістер дегенде ұқыпты, жапондар дегенде мәдениетті халықты елестетеміз. Ал қазақтардың ұлттық сипаты – қонақжайлылығында.

Танысын, танымасын үйге келген кісіні төрге шығарып, құрмет көрсетеді. Әр тусына, жақынына атап сыбаға қалдырып, сый тартатын қазақтың дәстүрі осы қонақжайлығымен тікелей байланысты. Құдасы келсе жамбас, жілік ұсынысып, үлкеніне бас қоятын біздің ел, күйеу баласына төс, жастарына сүбе, кішкентай балаларға сирақ пен құлақ ұстатады. Алыстағы баласын, я туысына арнайы соғымнан сыбаға сақтап қоятын дәстүр де осы қонақ күтуді ұнататындықтан. Белгілі ақын, журналист Ұларбек Нұрғалымұлы «Бір шәугім шәй» немесе «күлің шашылмасын» сөздерінің мәні қандай?» мақаласында мына бір тамаша оқиғаны баяндайды.

«Ертеректе осы Қорғалжың өңірінде «орыс ауылы» аталып кеткен бір қазақ ауылы болған екен. Оның қалайша бұлай аталып кеткенін журналист Төлеген Жәкітай ағам майын тамызып тұрып айтады. Арқаның қақаған қыс, алапат ақ боранында атпен келе жатқан бір жолаушы сол ауылдың шетіндегі бір үйге түседі. Сөйтсе, әлгі үйдің отағасы қондырмақ түгілі үйіне кіргізбей қойыпты. Қазақ баласынан мұндайды көрмеген әлгі кісі қатты ренжісе керек, сол ауылдағы ешбір үйге түспестен келесі ауылға өтіп кетіпті. Сол ауылда бір үйге қонып, аты да өзі де күтіліп шығады. Әңгіме үстінде көрші ауылда болған жайды да жайып салады. Тыңдап отырғандар жағаларын ұстайды. Осылайша кәдімгі орта жүздің бір тармағанынан тарайтын рулы ел отырған әлгі ауыл «орыс ауыл» аталып кетіпті. Тіпті ауылдың тақтайшадағы аты ұмытыла бастап, ел сол ауылдан шыққан спортшы балалардың өзін «орыс ауылдың балалары екен» дейтін бопты. Біз бұл жерде өзге бір ұлтты кемсітіп, иә жамандап отырған жоқпыз, әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, өзіне тән өмір сүру дәстүрі болады, әңгімемізге тұздық ретінде өмірде болған жайды мысал ретінде ғана алға тартып отырмыз. Кейін сол ауыл жан-жаққа тарап, жұрты қалғанша осы атауынан құтыла алмапты».

Міне, бір қылықтың өзінен қазаққа жат мінез көріп, күллі елдің сүйегіне таңба болған оқиға. Бұрын ауыл үстінен өтіп бара жатқан кісі кез келген үйге құдайы қонақ болып кіре беретін. Қазақ «қырықтың бірі Қыдыр» дейді. Ол келген адамдардың жақсы қасипеті балаларға жұғады деген ырымнан болса керек. Сонымен қатар, қатар ауылға жаңа адам көшіп келіп жатса, ерулік береді. ол үйіне шақырып қонақ қылып, қолында болса, жақсы дүниесімен бөліседі. Бұл – «көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген қазақы қағидаға да сыятын қасиеттер. Бұл жалпы шариғатымызда да бар. Біздің ұлттық дәстүріміз дінімізбен астасқан.

«Үйіңе он адам шақырсаң, соның тоғызы ырызық қалдырып, біреуі ғана жеп кетеді» деген сөз бар. Бұл қонақта береке бар деген сөз. Қазақ үнемі үйіне қонақ шақырып, дастарханы жыйылмай отыруды мәртебе көреген. «Абай жолы» романында қазақтың қонақжайлығы керемет көрініс табады. Бір Құнанбайдың аулының өзі қазанын оттан түсірмейді. Үнемі аға сұлтан Құнанбайдың шаңырағында билер алқалы жиын өткізеді. Қаншама мал сойылып, ет тартылып, қымыз құйылады. Бөжейдің асын суреттегені қалай тамаша. Үш жүздің елін Қамбар жазығында күткенде әрқайсысын жеке-жеке күтуші қойып, елдің жігіттеріне бөліп бергені, сол қазақы қонақ күту мәдениетінің қалыптасқандығынан еді. Романда Бөжей асы деп суреттелген ас өмірде Құнанбайдың әкесі Өскенбайға берген асы екен. Осындай астар қазақ даласында қанша рет болды.

Тіпті, жаугершілік заманында да елді азат етуге қатысқан бабаларымыздың арманы «жерді жаудан босатсам, қонағымды күтсем» болыпты.

Ақтамберді жыраудың толғауында бүй дейді:
Кеуде бір жерді жол қылсам,
Шөлең бір жерді көл қылсам,
Құрап жанды көп жиып
Өз алдына ел қылсам!
Асқар бір тауды жайласам,
Желілеп бие байласам.
Күнде жиын, күнде той,
Қыз- бозбала ойнатсам.
Тентегін түзеп байқа деп
Ішінен биді сайлатсам,
Ғалым бір құлдай киінсе.
Көркемін көрген сүйінсе.
Атымтай жомарт секілді
Атағым жұртқа білінсе.
Өзім бір бөлек жайласам.
Жігіттен нөкер сайласам.
Ойпаң жерге он отау,
Қыраң жерге қырық отау
Қонағымды жайғасам!
Пышақтан малым кетпесе.
Қазаным оттан түспесе.
Ауылдан топыр үзілмей,
Ошақтың оты өшпесе.
Май жемесе қонағым,
Қан жемесе барағым.
Он кісіге жараса
Бір кісіге арнап тартқан табағым!
Міне, қонақтың қадірін білген елдің сөзі – осы.

Бүгін де бұл қасиет біздің ұлттың бойында сақталған. Бұрынғыдай құдайы қонағын күтпесе де, әлі күнге қонақтарына сыйлы кәде ұсынып, той жасайды.
Дүниенің тетігін бүгін бәріміз ақшаға байлап қойдық. Ал қазақы қалып, түсінік соның бәрінің шекарасын бұзар еді. Адам ниеті, пейілі бір шекараға қамауға сыймайды ғой. Бір ауылдан бір ауылға, бір үйден бір үйге қонып жүре беретін баяғының сал-серілері, би-бағландары осы қазақтың қонайжайлығы арқасында өмір сүрді.

Одан бері соғыс жылдарын айтайық. Сол кездері қазақ даласына қанша халықтың өкілдері депортация жасалды. Соларға бір үзім нанын бөліп беріп, үйінің бір бөлмесін босатып, аман алып қалғандарын бүгінде солардың өздері жыр қылып айтады. М. Мағауиннің «Бір атаның балалары», Молдахмет Қаназдың «Чика – дабылдың баласы» шығармалары қазақтың осынау қасиетін мақтан тұта жырлайды емес пе?!

Бұл біздің ұлт ретінде айырылмауы тиіс қасиетіміз. Киіз туырлықты елдің ең абзал қасиеті өркениеттермен бірге алға жылжи береді деп сенеміз.

Әли
24 Қыркүйек, 16

Халқым менің - қонақжай

Қазақтан өткен қонақжай халық бар ма екен, шіркін?! Қазақ халқының гексіз-жетсіз созылып жатқан ұлан-ғайыр даласы қаншалықты кең болса, жүрегінің кеңдігі де соншалық. Жалпы, қазақ үшін адамзаттың барлығы бауыр, барлығы дос. Алыстан адасып келген бейтанысты үйіне түсіріп, құдайы қонақ етіп, қой түгілі, астындағы жалғыз атын сойып беретін халықты қайтіп бауырмал, қайтіп қонақжай демессің? Одан қалса, үйіне келген ағайын-туысын құшақ жайып қарсы алып, айлап-жылдап күтетін халық та аз-ау, сірә! Оған дана халықтың "Қонақ келсе құт", "Қонақ келсе қой егіз табады" сынды мақалдары дәлел. Бүгінде қонағын құт емес, жұт көретіндерді де көзіміз көріп жүрміз. Құдайға шүкір, біздің елде қонаққа шыққан шығынның есебі жоқ. Жұтын емес, құтын ойлап, мейлі алыстан келсін, жақыннан келсін, үйіміздің төрінен орын беріп, жылы-жұмсақты аузына тосып, қонақтың разылығына шат-шадыман қуанамыз. Себебі, қазақ - қонаққа жайлы қонақжай халық. Сонысымен де қашан да мәртебесі биік, елінде дәйім тыныштық.

Ежелден қазақ халқы басқалардан өзінің қонақжайлылығымен ерекшеленеді. Жолдан келген қонақты төрге шығарып, бар тәттісі мен сақтағанын қонақтың алдына қоятын болған. Мұнымен қатар, әр тағам қонаққа сай тартылып отырған. Тіпті, ренжіскен адамдарды қонақасының көмегімен татуластыратын болған. Ыдыстың әдемілігі де үлкен рөл атқарған.

Ауылды жерлерде қонақтарға арнап ет пен сүтті тағамдарды сақтайтын болған. Тамақ әзірлеу міндетті негізінен әйел адамдарға жүктелетін. Олар өздері білетін тағамдардың рецептісін ұрпақтан ұрпаққа беріп отырған. Ол – балдай тәтті қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, сары май, жент және т.б.

Қазақтың қай ауылына барсаңыз да, кез келген әйел әзірлеген тағамның дәмі тіл үйіреді. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға қазақтар қойдың басын ұсынатын болған. Бұдан өзге дастархан мәдениетіне де ерекше көңіл бөлінетін болған. Қазақтың ежелгі дәстүріне сай, дастархан басында отырып өсек айтуға, біреуді балағаттауға, ұрсысуға тыйым салынған.

Тау заңы бойынша, қазақтар ант берген кезде бір қолына Құранды, екінші қолында нан ұстаған.

Қонақты дұрыс күтпеген адамды ауыл халқы қатты сынайтын болған. Мұны тіпті әулетке басылған таңба деп білген. Сараң адамдарды қонақтары ғана емес, туған-туысқандары да жек көрген. Бірақ, өмірде барлығы болады. Кейде адам біреуге жамандық жасап, кейін соның үйіне өз аяғымен баруға мәжбүр болады. Үй иесі оны қуып жібермеген. Керісінше дастархан басына отырғызып, дәмді ас берген.

Қазақ халқында “абысын асы”, “қонақасы”, “белкөтерер”, “қалжа”, “бүйрек”, “құйрық бауыр асату”, “қымызмұрындық”, “соғым басы”, “наурызкөже” сынды тамаша дәстүрлері бар. Осы салт-дәстүрлердің барлығы халықтың мәдениетінің деңгейін көрсетеді.

Эссе мен шығармалар жиынтығы категориясындағы басқа сұрақтар
0
Batyrkhan_kausar
2 жылы бұрын пайда болды

"Ұшқан ұя" (Бауыржан Момышұлы) қысқаша мазмұны бар ма?

0
Назерке
2 жылы бұрын пайда болды

Басқаға ұқсау оңай ма? тақырыбында эссе

0
Araika
3 жылы бұрын пайда болды

Отбасы туралы эссе барма??

0
Ера
3 жылы бұрын пайда болды

«Ұлы саяхатшы- Герадот» тақырыбына эссе жазады.

 «Ұлы саяхатшы- Герадот» тақырыбына эссе жазады.

Бағалау критерийі:

Эссе жазады

Эссе құрылымын сақтайды

 

3 аргумент келтіреді

 

Дәлелдері жеткілікті

 

Тақырыпты аша алады

 

Өзіндік көзқарасы, пікірі бар

Орфографиялық норма

 Сауатты жазады

2
Алмас
5 жыл бұрын пайда болды

Саяхаттау дегеніміз не тақырыбына эссе керек еді

Маған саяхат дегеніміз не деген тақырыбқа шығарма керек еді?