0 интересует 0 не интересует
спросил 18 Апр от Рустем в категории Қазақ әдебиеті

1 Ответ

0 интересует 0 не интересует
Мұқағали Мақатаев
Соғыстың соңғы көктемі

Жасылмен бояп қойған ба?!
Жап-жасыл таудың бөктері
Қырлар да, мынау ойлар да,
Жап-жасыл болып көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Көп болды, жасыл тауларға,
Жап-жасыл бұлттар шөккелі.
Әкелді шуақ бар маңға,
Соғыстьң соңғы көктемі.
Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Жап-жасыл анау аспан да,
Аспан да, сірә, көктеді.
Бойына таудың асылып,
Шұғыла тұрды, көк меңі.
Қызғанып, гүлін жасырып,
Қылтанақтар да көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,
Орманның жасыл шекпені.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі,
Соғыстың соңғы көктемі...

Қайран жеңгем

Су сұраса сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?
Апырай, суық еді сұрқы неден?!
Адамға қарайды ғой сыртыменен.
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,
Қимылынды бағып тұр мұртыменен.
Женеше-ау, есіңде ме біздін ағай?
Сыйласып отырар ек біз құдадай.
Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,
Қайран жеңгем, шырқынды бұзды қалай
Күлкің қайда күмістей сыңғырлаған?
Жүзің неге ымырттай түнжыраған?
Бұғалыққа тұрмайтын асау едің,
Сені әкеліп теліген кім мынаған?
Өзің болсаң, тым ағат ойланғансың,
Бақыт емес, басыңа қайғы алғансың,
Жан едін ғой жанының талғамы бар,
Қара мұртқа қалайша байланғансың?!
Ел-жұртың қараушы еді мақтан етіп.
Киіп ап аяғыңа салтама етік,
Талайлардан кетуші ең аттап етіп,
Талайларды жүруші ең таптап етіп...
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қайғыға мойымаушы ең.
Қайдан келген?!
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,
Баяғы жастығыңды майданда өлген?..
ответил 18 Апр от аноним
Қасымхан Бегманов
Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай жазылған өлең

Таң атады, күн батады,
Қара жерде айналар.
Қатал тағдыр тіл қатады,
Көкіректі қайғы алар.
Бақыт сенің қолдарында,
Күндер келер арайлы.
Жүріп өткен жолдарында,
Өсек қардай борайды.
Қанаттылар барады ұшып,
Уақыт шіркін зырлайды.
Қара түнде қара мысық,
Көкіректі тырнайды.
Іштен тынды-ау талай дана,
Қос ішектей септесер.
Жер басарсың қалай ғана,
Қадіріңе жетпесе ел.
Пана болмай кеңселер,
Қалды сонау жолымда.
Бес-алты ауыз ел сенер,
Сөз қалсын деп соңымда.
Мен де жүрмін мұрат қып,
Ойшылдайын толғанып.
Жазықсызды жылаттық,
Жетесізден қорғанып.
Адамның жоқ жаманы,
Басқың келсе дауды егер.
Жүріп тұрған заманы,
Алшандайды саудагер.
Жолатпады қасына,
Балға батқан бармағы.
Іс түскенде басыма,
Бір досым да қалмады.
Әурелеме босқа елес,
Құдай мені қысқанға.
Опасыз сол досқа емес,
Ыразымын дұшпанға.
Құлын байлап, қозы алған,
Бұрынғы ауыл... ойланам.
Жаратылдым тозаңнан,
Топыраққа айналам.
Өткізе алмай қор ғып жүрген өмірін,
Біреулерге жібімейді көңілім.
Бес-алты ауыз сөз қалсын деп соңымда,
Мұңаятын, түсінетін мені кім.
Бұрынғылар бір күні өтсе жылаған,
Аспан жақтан тек шапағат сұраған.
Мына жұрттың пиғылдарын ұға алмай,
Қалқаманда сандалып жүр бұл ағаң.
Тәуекел деп кеше дастан бастап ем,
Бүгін мұңлы мазалады басқа өлең.
Алматы жақ абыр-сабыр неліктен,
Жаутаңдайды аң-таң болып Қаскелең.
Әр уақытта бергендер аз, алған көп,
Соның көбі, ел есінде қалған жоқ.
Кешегі өткен туған дала қарттары,
Here айтты екен бұл өмірді жалған деп.
Бүгінгілер... тірлік қамы, бас қамы,
Асқақ-асқақ армандарды тастады.
Театрдың жәудірейді жанары,
Туған жердің түнеріп тұр аспаны.
Шыққан күнмен шуақ болдым шашылдым,
Атқан таңмен қырда гүл боп ашылдым.
Жүрегімді ауыртады мұңдары,
Қалып бара жатқан ата ғасырдың.
Мен кеткенде калар екен жар кіммен,
Қалар екен таңғы шықтай ар кіммен?
Аналардың көздерінде бармын мен,
Ағалардың сөздерінде бармын мен.
Теңіз каңсып, жоғалғанмен тоғандар,
Халық қалар, өзгергенмен қоғамдар.
Бұрын өмір сүріп көрген жоқ ем мен,
Өкпелетсем кешіріңдер, Адамдар!
Ана қайғы, жар қайғы, бала қайғы.
Мансап қайғы, бақ қайғы, дала қайғы.
Азамат боп қайғыра алмасаңыз,
Ішіңдегі шеменің тарамайды.
Қайдағы ойлар көңілге балалайды,
Жанымды кеміргенде қара қайғы.
Алпыс екі тамырда зыр жүгіріп,
Өн бойымды қан болып аралайды.
Ары таза ақын деп қарамайды,
Нақақ жара жанымды жаралайды.
Бар білерім кімдердің кім екенін,
Уақыт патша сұрыптап саралайды.
Жүрегім қаншама рет қақ бөлінген,
Оны оқып сезерсің дәптерімнен.
Дәптер ғана емес, ол мұрам менің,
Хабар берер мұңайған сәттерімнен.
Қара өлеңмен астасқан қара қайғы,
Қан боп қатқан көңілден тарамайды
Қазақ аман тұрғанда асқақ жырым,
Есімімді аспанда даралайды.
Бейіттерге қонды тағы кептерлер,
Кептерлерім, алысқа ұшып кетпеңдер.
Төмпешіктер деп қарама жай ғана,
Бұның бәрі кеше өмірден өткендер,
Айналайын кептерлер.
Мәңгілікке осында орын тепкендер,
Тылсым сырды сезгендей ме кептерлер.
Кептерлерге мұң шаққандай көрінді,
Алуан адам талай келіп-кеткен жер.
Бейіттерді аяқ асты етпендер,
Моншақ көзді үрікпейді кептерлер.
Дәм-тұз бітсе біз де барар орын ғой,
Бал өмірді қимай-қимай өткендер.
Сан айналар шыр көбелек көк пен жер,
Біздер әлі кездесеміз, кетпеңдер.
Бұл бейітте жатыр жақсы адамдар,
Қоштасайық, қош болындар, кептерлер.
Қоштастым мен жанарымнан жас парлап,
Дүние-дәурен, басымыздан қашқан бақ.
Бейіт қорып жүрген нәзік құстарым,
Бірте-бірте бара жатты аспандап.
Жамбыл Жабаев
Ленинградтық өренім

Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін.
Шамы Күндей жайнаған,
Аспанға үйлер бойлаған…
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам!
Жабықпағын Ленинград!
Отан әмір берген шақ.
Сап-сап қол барар
Қорғап сені ол қалар.
Жанышталар айдаһар!
Жата алмаймын төсекте,
Жаным қалай жайланар?
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін,
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласында Лениннің,
Сайып қыран өренім…