Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР
Сұрақтар мен жауаптар
Сұрақ қою

8 наурызға арналған қандай сценарийлер бар?

Талқылау
Пікір
Ақниет
11 Ақпан, 16

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік сценарий

Тақырыбы: Анамыздың аялы алақанын мадақтаймыз!
Дайындық кезеңі: аналарға арналған сынып сағатына шақыру қағаздарын тарату; барлық оқушының аналарының фотосуреті жинақталған презентация әзірлеу; оқушылар тақпақ жаттап, мұғаліммен бірге дайындалу.

Көрнекі құралдар: шақыру қағаздары, А4 пішініндегі қағаздар, жаялықтар, 8 наурызға арналған құттықтау қағазының мозайкасы, «Біздің аналарымыз» атты презентация, проектор, үнжазба.

Іс-шараға қатысушылар: жүргізуші – сынып жетекші, оқушылар, ата-аналар.

Іс-шараның барысы:
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, балалар! Құрметті, ата-аналар, ұлдар мен қыздар! Біздің бүгінгі кешіміз Халықаралық әйелдер күніне арналады. Бұл мереке жайлы көбірек білуіміз үшін, аталмыш мейрамның пайда болу тарихын баяндап берейін.

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні 1910 жылы Копенгагенде өткен Әйелдердің халықаралық екінші конференциясында мейрам ретінде бекітілген. Конференцияда 8 наурызды жұмысшы әйелдер күні деп белгілеп, жыл сайын оны Халықаралық әйелдер пролетариатының ынтымақтастық, достығы мен бірлік күні ретінде атап өту ұйғарылды.

Мереке алғаш рет 1913 жылы Ресейде тойланды.
8 наурыз қарсаңындағы күндерді жаңа жыл алдындағы күндермен салыстыруға болады: дүкендерге адамдардың көп келңп, көптеген сыйлық түрінің сатып алады. Мереке алдында ер адамдар қауымы әуре-сарсаңға түседі. Олар анасын, әжесін, әйелін, әпке-қарындастарын тиісінше қалай құттықтау керектігі туралы салмақты ойға батады. Мінекей, 8 наурыз мейрамы да келді. Әйелдер қауымының құшағы толы гүл шоқтары. Бұл күні олар қаншама жылы сөз естиді десеңіздерші!

8 наурыз – қуанышқа, мейірімге, шаттыққа толы мереке. Бұл күні балалар өз қолымен сыйлықтар жасайды. Ол құттықтау қағаздары немесе ине қадауға арналған жастықшалар болуы мүмкін. Қыздар моншақтардан түрлі әшекей бұйымдарын жасап, құрбыларына сыйға тартады. Көптеген сыйлықтарды жақын жандарымызға сыйлаймыз, ең алдымен, ардақты әрі аяулы АНАМЫЗҒА.

1-оқушы: «Анашым» монологы (әдемі әуен қойылып, «Біздің аналарымыз» презентациясы жүргізіледі).

Көзіңді жұм да, жүрегіңді тыңдашы. Сен анаңның даусын естисің. Ол сенің жүрегіңде орналасқан, сондай таныс және сондай жақын. Оны шатастыруың мүмкін емес. Есейіп кетсең де, әрдайым анаңның даусын, көздерін, аялы алақанын еш ұмытпайсың. Сен сөйлеуді білмеген кезде, сені сөзсіз түсінген анаң еді. Ол саған не керегін білетін, сені жүруге, сөйлеуге үйретті, саған ең бірінші кітабыңды оқып берді. Анаң әрқашан қасыңнан табылды. Сенің көргендерің мен сені қоршағандардың бәрі анаңнан басталады.

2-оқушы: Аналарға арнау

Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар -
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе,- лайықсыздар.

Өр десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді, — лайықсыздар.

3-оқушы:

Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.

Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер —  жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.

Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.

Жүргізуші: Ал, қанекей, балалар, енді ойын ойнайық!

1-ойын. Тақта алдына 3-5 оқушы өз қаалуымен шығады. Олардың көзін байлайды. Тақтаға жабыстырылған қағазға аналарының суретін салу тапсырылады. Салынған суреттерді аналарына сыйлайды.

4-оқушы.

Бар тіршілік бақытты анаменен

Ананы жеткізгенше мұратына,

Білім іздеп лапылдап жана берем

Ананың оттай ыстық алақаны

Болған соң ойлайтыны бала қамы.

Баладан анасына мың сан алғыс,

Өйткені ол анасының балапаны.

Жүргізуші:

Аналар құрметіне қаншама өлең жолдары жазылған. Олардың құрметіне қаншама ұлы істер жасалған.  Анаға деген махаббат – адам бойындағы қасиетті де қастерлі сезім. Ол әр адамның жүрегін мейірімге толтырып, бізге күш береді.

5-оқушы.

Өмірдің иесі сен, ғазиз ана.

Келтірген дүниеге нелер дана.

Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ,

Өмірдің алтын кілті сонда ғана.

Адамзат қуат алар ақ сүтіңнен,

Мәпелеп, әлдилеген пейілің кең.

Аналық махаббатың кәусәр бұлақ,

Сөнбейтін ақ жүрегің мәңгі шырақ.
Жүргізуші: Ендігі кезекте – аналар сайысы.


2-ойын. Жүргізуші: Балалар, барлығың да кішкентай болдыңдар. Ол уақыттар аналарымыздың қайсысының есінде жақсы сақталған екен? Оны анықтау үшін, аналарымызға қуыршақты жаялыққа орауын тапсырайық (Кім тезірек ораса, сол жеңеді)! (Жылдам әрі көңілді әуен ойнап тұрады).


3-ойын. Аналар кезектесіп гүлдердің атауларын атайды.

Жүргізуші: Бар ғаламда анадан жақын, анадан артық адам жоқ. Оның сәбиіне деген махаббаты шексіз әрі риясыз. Ана қай жерде жүрмесін, әрдайым баласын естен шығармайды.


6-оқушы:

Өмірге ана бұлақ ана пана,

Өмірді өркендетер ана ғана.

Өсірген талай көсем талай шешен.

Талай ер, талай ақын, талай дана,

Ана, ол біздің елде ардақты адам,

Кіші де, үлкен де оны ардақтаған.

Өзінің аяулысы Отанына

Ана деп біздің халық текке айтпаған.


4-ойын. Құттықтау қағазын құрастыр: жылдам әуен қойылып, оқушылар мозайка құрастырып – бөлшектерін бір жағы таза, екінші жағына «Әлемде сенен артық жан жоқ, ...» сөздері жазылған қағазға жабыстырып, құттықтау қағазын құрастырады. Оған құттықау сөздерін, анаға деген жылы лебіздер жазылады.

Құтықтау қағазы сынып сағатына келген аналарға, әжелерге беріледі.

7-оқушы:

Құшағыңа кіргенде

Жылынамын бір демде.

Не жетеді көзіңе

Мейірімді күннен де.

Сегізінші Наурызбен

Құттықтаймын, анашым!


Жүргізуші: Бүгінгі аналарға арналған кешіміз соңына жетті. Аналарды тағы да құттықтай отырып, мерекелік дастарханымызға шақырамыз!

Мерекелер категориясындағы басқа сұрақтар
1
Азамат
1 жыл бұрын пайда болды

Наурыз мейрамы қай елдерде тойланады?

1
Айнагүл
1 жыл бұрын пайда болды

Наурыз мерекесі қалай тойланады?

0
Adlet
3 жылы бұрын пайда болды

Қарттар күнімен құттықтау?

1
Гүлжанат
7 жыл бұрын пайда болды

Наурыз көженің құрамына кіретін жеті өнім қандай?

1
Парасат
7 жыл бұрын пайда болды

Неліктен 1 сәуір күлкі күні аталды?