Сұрақтар мен жауаптар
Сұрақ қою

"Туған жердің ауасы да шипа" тақырыбына шығарма бар ма?

Талқылау үшін сайтқа кіріңіз
Admin
Жауап қалдырылды: 22 Қазан, 19

Туған жер сен дүниеге келген, бала болып ойнаған, ата-ана, туыс-туғаныңа еркелеп өскен жер. Онда ең қымбат естеліктер, қызықты жағдайлар мен қуанышты кездер жатыр.

Адам шын өмірін тек бала кезінде сүретін сияқты болып көрінеді кейде маған. Ересек өмірде де, одан кейінгі қарттық шақта да әр адам өзінің балалық шағын үлкен бір қуанышпен, ерекше тәтті сағынышпен еске алып отырады. Сол естеліктерін көздері жайнап қуанып айтып отырады. Әрине олар міндетті түрде туған жерімен байланысты болады.

Туған жерге деген махаббат туа салысымен-ақ жүректе орнайды, одан кейін балалықтың балдай естеліктерімен беки түседі, ересек тартып алыстағанда, сағыныш арқылы мәңгілікке сақталатындай. Бұл күллі адамзатқа ортақ сезім деп ойлаймын. Ол мүмкін орманды алқап болсын, мүмкін шөл, мүмкін тау қойнауы не теңіз жағасы болсын, әркімге өз туған жері ыстық. Бүкіл әлемде одан аяулырақ, одан сұлу жер жоқтай көрінеді.

Түрлі әлеуметтік, тарихи жағдайлармен туған жерінен алыстап қалған, басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған адамдар бар. Туған өлкенің шын қадірін солар білетіндей көрінеді. Көбінің дерті, ішкі аңсары – отанына оралу, туған жерінің топырағын бір иіскеу. Аз ғана уақытқа алыстасаң, сағынатын аяулы мекен ол кісілердің жүрегіңде қандай орында екен?...

Бірде жазушы Ә.Кекілбаев Маңғыстауға бір іс-шараға қатысуға барады. Ол жақтың әдетінше қатты жел, топырақты боран басталады да кетеді. Елдің бәрі үйлерге кіріп, есік-терезені жауып жатса, жазушы бетін топыраққа бұрып, қимылсыз тұр екен. Жазушы сонда не ойлағанынан хабарымыз жоқ қой, дегенмен туған жерге деген сағыныш, ыстық сезімді бастан кешіргені анық.

Туған жердің табиғаты да, оның ауа райы да маңызды емес. Бір ғана факті – сенің кіндік қаның тамғандығының өзі оны сен үшін ең ыстық мекенге айналдырады. Алайда әр адам өз туған өлкесінің табиғатымен мақтанады. Тіпті кемшілігімен, жақсы-жаманымен қоса жақсы көреді. «Туған жердің торғайы тұрымтайдай көрінер, құлыны тайдай көрінер, қыздары айдай көрінер,» - деп бекер айтпаған болар.

Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа
Сырда туған елімді,
деп Ә.Тәжібаев жырлағандай, әркім өз туған жерін, оның табиғатын жырға қосады, айтып жүреді, мақтан тұтады.

Пісіп тұратын шие ағаштары, көшенің бойында сарқырап ағып жататын арық, жалаң аяқ жүгіріп жүретін шаңды көше – менің туған жер дегенде есіме түсетін ностальгиям, өмірге ең алғаш қадам жасаған аяулы өлкенің естеліктері. Анамның ыстық алақаны, күнде-күнде тыңдасақ та еш жалықпайтын ертегілер, жауабын біліп тұрсақ та жасырылатын жұмбақтар, әкемнің айтқан ақыл-өсиеттері, аға-әпкелерімнің мені мойнына салып еркелеткендері, кешкілік бәріміздің жамырап дастархан басына жиналатынымыз, балалармен таңның атысынан кештің батысына дейін ойнап жүретін кездер, ештеңеге алаңдамай, түнімен сан алуан дүниелерді армандап жататын түндер – бәрі де үнемі өзіммен алып жүретін ұмытылмас сәттер.

Туған жер үнемі біз оқыған мектепке, балалармен бірге ойнаған шаңдауыт көшеге қарай тартып тұрады. Біз өмір жолымызда басқа да жерлерге барамыз, саяхаттаймыз, әлемді шарлаймыз, жаңа адамдармен танысамыз; бірақ жүрегіміздің түкпірінде ыстық мекен бар – ол тек өз үйің ғана емес, сонау бала кездегі туған жеріңдегі алтын ұяң.

Қазір қаланың асфальт көшесінде жүріп, аспанмен таласқан биік ғимараттар мен жылтыраған әнектерге қарап жүріп, ойша сонау алыстағы анаңның ыстық бәлішін жеген жылы мекенге ораламыз. Асылында, адамзатқа өзін өсірген, үлкен өмірге дайындап, қанат қақтырған туған өлкеден артық жер жоқ. «Туған жердей жер болма

 

Ерке
Жауап қалдырылды: 08 Тамыз, 16

Менің туған жерім - қасиетті, құтты қоныс. Ол мені құшағында мәпелеп өсіріп қана қойған жоқ, дала тәлімін, тәрбиесін берді. Оның төсінде үйренгенім мен түйгенім көп.  Ондағы жасыл түгі басылмай керіліп жатқан кермиық кең дала мені сабырлылық пен салмақтылыққа, кеңпейілділікке тәрбиеледі. Ал жаныңа тыныштық сыйлап, анда-санда әрлі-берлі сипай өтіп, қытығыңа тиетін барары мен келер жері беймәлім ерке жел еркіндікке үйретсе, сыңғыр күлкісі еріксіз елітетін бұрымды өзен-ару бір байыппен сылдырай ағып, сабырлылық пен байыптылыққа баулыды. Төбесі көкті тіліп, бұлтпен сырласқан маңғаз таулардан рухани биіктікті, жайқалған жасыл желегінен өмірге сүйіспеншілікті, жылыжүзділікті, қыбыр-жыбыры таусылмас жәндігінен еңбекқорлықты үйрендім. Қарап тұрсақ, адамдықтың өзін еңбегінің өтеуін сұрамайтын аңғал даладан үйренеді екенбіз. Туған жер төсінен жырақта жүріп, сағынып келіп құшағына ден қойғанда еріксіз елжіреп, тұла бойыңның шымырлайтыны да туған топырағыңды аңсағаннан ғана емес, оның көкейіңе салған адамдық ұстанымын да сағынғандықтан болар.

Туған дала төсіне жүгіріп шығып, о шеті мен бұл шетіне көз жүгіртіп, айналаңа көз салсаң, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атамызша: "Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!" - демеске еш шараң қалмайтындай.

Ерке
Жауап қалдырылды: 08 Тамыз, 16

Туған жер - әркімнің кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Оның күні де, түні де, тау-тасы да, сарқыраған өзені мен жайқалған көк майсасы, еркелей ескен желі, шұрқыраған жан-жануары, шырылдаған құстары - бәрі де жаныңа ерекше ыстық, ерекше жақын. Қайда жүрсең де өзіне тартып тұратын, есіңе түссе көңіл қобызыңды беу-беулетіп, жүрек отын жағатын дүние есігін ашқан жеріңді сүймеу, алыстасаң сағынбау мүмкін емес. Себебі, туған жер - Сахарада да туған жер. Жерінде жеміс-жидек бітік өсіп, көк желегі жайқалмаса да, қу шөптің басы қылтимайтын туған топырағың бәрі-бір де қасиетті, бәрі-бір де өзге жер, өңге мекенмен салыстыруға да келмейді.

 

 

Білім, ҰБТ категориясындағы басқа сұрақтар